Сот шешімімен енді оған 3,5 млн теңге өтемақы төленеді
Қостанай қалалық сотында өндірістік жарақат алу ісіне байланысты құрылысшының жұмыс берушіге қарсы талабы қаралды, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.
Жоғарғы соттың мәліметінше, 2023 жылдың күзінде қала тұрғыны құрылыс жұмысын жүргізу кезінде ауыр жарақат алып, ішкі органдары зақымданған. Жазатайым оқиға салдарынан ол жартылай еңбекке жарамдылығын жоғалтып, мүгедектік мәртебесін алған.
Жәбірленуші моральдық зиянның орнын толтыру туралы талап арызбен сотқа жүгінген. Істі қарау барысында сот жазатайым оқиғаның жұмыс берушінің еңбек қауіпсіздігі талаптарын бұзуынан болғанын анықтады. Бұл дерек қылмыстық іс материалдары мен уәкілетті органдардың актілерімен расталған.
Сот тараптарға бітімгершілікпен шешудің артықшылықтарын түсіндіріп, медиация рәсімін өткізді. Нәтижесінде, тараптар татуласуға келіп, жұмыс беруші жәбірленушіге 3,5 миллион теңге өтемақы төлеуге келісті. Өз кезегінде талап қоюшы арызынан бас тартты.