Зертханалық тексерулер жүргізіліп, уланудың себебі анықталып жатыр
Жамбыл облысында Байзақ ауданының Мырзатай ауылында орта мектеп оқушылары дүкеннен сэндвич пен бургер алып жеймін деп жаппай уланып қалды, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.
Аудандық орталық аурухананың мәліметінше, 11 қараша таңертең балалар мектептің қарсы бетіндегі жеке дүкеннен сатып алған жылдам дайындалатын тағамдар (сэндвич, бургер, кириешки) жеген. Арада 1-2 сағат өткен соң балаларда жүрек айну, құсу, бас ауруы және әлсіздік сияқты улану белгілері байқалған.
«Барлығы 12 оқушы Байзақ аудандық орталық ауруханасының жұқпалы аурулар бөлімінде тексерістен өтті. Балалардың жағдайы тұрақты, нашарлау белгілері жоқ. Балалар үйлеріне қайтарылды.
Қазіргі уақытта науқастарға тиісті ем-шаралар көрсетілді. Зертханалық тексерулер жүргізіліп, уланудың себебі анықталып жатыр.
Облыс әкімінің тапсырмасына сәйкес, облыстық білім басқармасының басшысы, аудан басшылығы оқиға орнына барып, тиісті шаралар қабылдауда. Жағдай тұрақты, бақылауда», - делінген облыстық Білім басқармасы таратқан хабарламада.