Майра Мұхамедқызы Парижде жеке концертін өткізді

Автор: Асыл Арман

Француз көрермендері концертті қошемет пен зор ықыласпен қарсы алды

Фото: сыртқы істер министрлігі

Қазақстанның Халық әртісі, опера әншісі-сопрано Майра Мұхамедқызы Францияның Париж қаласында концертін өткізді, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.

Концерт Қазақстан Республикасының Мемлекеттік егемендігі туралы декларацияның қабылданғанына 35 жыл толуына орай ұйымдастырылды.

Концерт Майра Мұхамедқызының шығармашылық жолының 30 жылдық мерейтойымен ұштастырылды. Әншінің кәсіби карьерасы дәл осы Париж қаласында әлемге әйгілі Бастилия опера театрының солисті ретінде басталып, кейін Страсбург, Бордо, Ренн және Авиньон қалаларында жалғасын тапқан еді. Жиырма жылдан кейін Майра Мұхамедқызы француз тыңдармандарының алдында дүниежүзілік опера сахнасының танымал жұлдызы ретінде қайта өнер көрсетті.

Кеш бағдарламасына француз, итальян, орыс, қытай және қазақ классикалық музыкасының туындылары енді. Көрермендердің ерекше ықыласына «Біржан сал», «Ер Тарғын» және «Абай» операларынан алынған ариялар, сондай-ақ әнші шебер орындаған қазақтың халық әндері бөленді.

«Сахна төрінде Майра Мұхамедқызымен бірге пианист А.Өтөтлеу және Шымкент қалалық опера және балет театрының квартеті өнер көрсетті. Олардың шеберлігі әрбір туындыға ерекше эмоциялық әсер сыйлады.

Француз көрермендері концертті қошемет пен зор ықыласпен қарсы алып, әрбір орындауды ұзақ қол шапалақпен және қазақ мәдениетіне деген шынайы қызығушылығын білдіре отырып тамашалады.

Кештің құрметті қонақтарының қатарында Қазақстан мен Францияның өнер және мәдениет қайраткерлері, дипломатиялық корпус пен іскер топтардың өкілдері, сондай-ақ Париждің 8-округінің әкімі Жанна д’Отсер болды», – делінген Сыртқы істер министрлігі хабарламасында.