Қостанай облысында екі жігіт полиция инспекторын соққыға жығып, жұрттың алдында қорлаған

Автор: Асыл Арман

Полиция қызметкеріне қатысты зорлық-зомбылық бойынша қылмыстық іс қозғалды

Фото: Azattyq Rýhy

Қостанай облысында Ұзынкөл ауданының тұрғындары жергілікті учаскелік полиция инспекторын соққыға жыққаны анықталды. Облыстық прокуратура тәртіп сақшысына қатысты зорлық-зомбылық қолданғаны туралы қылмыстық іс бойынша айыптау актісін бекітті, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.

Тергеу барысында осы жылдың 18 маусымда Пресногорьковка ауылындағы ойын-сауық мекемесінің жанында мас жүрген адамдарға полиция қызметкері ескерту жасаған. Алайда, негізделген ескертуіне қарамастан зорлық-зомбылық көрсетіп, денсаулығына жеңіл зиян келтірген, сонымен қатар оны көпшілік алдында қорлаған 27 және 29 жастағы тұрғындар анықталды.

«Олардың әрекеттері қылмыстық кодекстің 378-б. 2-б., 380-б. 4-б. 3) т. бойынша сараланды (билік өкілін қорлау, билік өкіліне қатысты күш қолдану). Бабтың санкциясы жеті жылға дейін бас бостандығынан айыру түріндегі ең жоғары жазаны көздейді.

Қылмыстық іс Қостанай облысы Ұзынкөл аудандық сотына жолданды.

Облыс прокуратурасы агрессия көрсету, зорлық-зомбылық көрсету және билік өкілдерін қорлауға жол берілмейтінін және қылмыстық жауаптылыққа тартылатынын еске салады. Азаматтар қоғамдық тәртіп нормаларын сақтауы қажет және қызметтік міндеттерін орындайтын құқық қорғау органдарының қызметкерлеріне құрметпен қарауы керек», – делінген прокуратура хабарламасында.