Петропавлда ішімдікке сылқия тойып алды деп айыппұл арқалаған ер адам сотқа жүгінді

Автор: Мөлдір Қазыбай

Ішімдік ішті деп айыпталған азаматтың жазасы жойылды

Фото: depositphotos.com

Петропавл қаласының әкімшілік құқық бұзушылықтар жөніндегі мамандандырылған соты полиция басқармасының қаулысына шағым берген азаматтың ісін қарап, оның пайдасына шешім шығарды, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.

Облыстық соттың мәліметінше, осыған дейін ер адам ҚР ӘҚБтК-нің 440-бабының 1-бөлігі («Қоғамдық орында алкогольдік ішімдіктер ішу немесе мас күйінде жүру») бойынша кінәлі деп танылып, айыппұл арқалаған еді.

Алайда сот отырысы барысында құқық бұзушылық фактісін дәлелдейтін бейнежазба мен медициналық сараптама қорытындысы болмағаны анықталды. Сонымен қатар, істі қарау кезінде процессуалдық мерзімдер мен рәсімдер бұзылған, ал азаматтың өзі іс жөнінде тиісті түрде хабарланбаған.

Осы жайттарды ескере отырып, сот полиция органының қаулысын заңсыз деп танып, әкімшілік істі құрам болмағандықтан тоқтатты (ҚР ӘҚБтК 741-бабының 1-бөлігі, 2-тармағы).

Қаулы заңды күшіне енген жоқ.