«Қызылжар» футбол клубы олигархтың меншігіне өтті

Автор: Аягөз Құрмаш

Енді клубтың иесі – олигарх Сергей Кан

Фото:«QYZYLJAR»

Петропавлдың «Қызыл-Жар» футбол клубы жекеменшік иелікке өтті. Маңызды келісімге қол қойылды. Енді «Қарасай» стадионы аталмыш клубтың сенімгерлік басқаруына берілмек, деп хабарлайды  Azattyq Rýhy.

Спорт клубтарын жекешелендіру – бұл мемлекет басшысының тапсырмасы. Жергілікті басылым хабарлағандай, «Қызылжардың» инвесторы болып кәсіпкер Сергей Кан анықталды. Басқаруды тиімді жаңғырту мақсатында ол «QYZYLJAR» футбол клубы жеке мекемесін тіркеді.

Келісімге сәйкес, ол ҚФФ, FIFA және UEFA ұйымдастыратын жарыстарға қатысу құқығын, спорттық брендті, инфрақұрылымды және барлық зияткерлік меншік нысанын қабылдап алды. Команда бұдан былай да қызыл-қара түсте өнер көрсетуді жалғастырады.

Сонымен қатар клубтың бұрынғы иесі барлық құқық берілгеннен кейін туындауы мүмкін заңды істер бойынша жауапкершілікті өз мойнына алады. Жергілікті әкімдік пен жаңа инвестор бірлесіп, клубты қаржыландыру туралы уағдаластыққа келді. Сондай-ақ, команда үшін жаңа спорттық база салу жоспарда бар. Ол футболшыларға жайлы тұрғын үй жағдайын және толыққанды дайындық процесін қамтамасыз етпек.

Бұған қоса, Петропавлдағы «Қарасай» стадионын клубтың сенімгерлік басқаруына беру көзделуде. Қазір уәкілетті органдармен келіссөздер жүріп жатыр. Бұл шешім спорт инфрақұрылымын тиімді пайдаланып, үй матчтары мен оқу-жаттығу жиындарының сапасын арттыруға мүмкіндік береді.

Клубтың бас менеджері қызметіне тәжірибелі маман Әлішер Апсалямов тағайындалды. Ол бұған дейін «Sarajevo» (Босния және Герцеговина), «Cardiff City» (Ұлыбритания, Уэльс), «Қайрат», «Каспий», «Атырау» және «Тобыл» клубтарында жұмыс істеген.

«Жақын арада команда Түркияда оқу-жаттығу жиынын өткізеді. Бір жарым ай ішінде жаңа маусымға арналған құрам жасақталады. Біз қазақстандық және халықаралық нарықты мұқият зерделеп, футболшыларды сапалы іріктеуден өткіземіз», - деді Әлішер Апсалямов.

«QYZYLJAR» футбол клубы Қазақстанда жекешелендіру процесін сәтті жүзеге асырған алғашқы командалардың бірі.