Қарағанды облысында полиция WhatsApp топтарының көмегімен мал ұрлығын әшкереледі (ВИДЕО)

Автор: Мөлдір Қазыбай

Жайылымда жайылып жүрген малды ұрлап кеткен

Фото: Видеодан скрин

Қарағанды облысында полиция қызметкерлері WhatsApp топтарының көмегімен ірі мал ұрлығын әшкереледі, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.

Теміртау қаласындағы блок-бекетте патрульдік полиция батальонының қызметкерлері 45 жылқы тиелген жүк көлігін тоқтатқан. Тексеру барысында олардың бір бөлігі ұрланғаны анықталды.

Көлікті Түркістан облысының 48 жастағы тұрғыны жүргізіп келе жатқан. Ол 45 бас жылқыны Степногорск тұрғынынан 13,5 миллион теңгеге сатып алғанын айтып, құжат көрсеткен. Алайда полицейлер оның мінез-құлқына және құжаттың өзіне күмәнданған.

Малдың қайдан әкелінгенін анықтау үшін полиция қызметкерлері жылқыларды фото және видеоға түсіріп, материалдарды түрлі өңірлердегі шаруа қожалықтарының чаттарына жіберген. Дәл осы тәсіл қылмысты ашуға мүмкіндік берді.

Көп ұзамай Ақмола облысының бір фермері суреттен өзіне тиесілі, жайылымнан ұрланған 27 жылқысын таныған.

«Астана қаласы криминалдық полициясының әріптестері Қарағанды облысына қарай бет алған жылқылар тиелген «КамАЗ» туралы жедел ақпарат берген болатын. Жылқылардың ұрланған-ұрланбағанын тексеру қажет болды. Нәтижесінде чаттар арқылы жүргізілген тексеріс кезінде жануарлардың бір бөлігі Ақмола облысының тұрғынына тиесілі екені анықталды. Ол өз малын таныды», — деді Қарағанды облысы ПД криминалдық полиция басқармасы бастығының орынбасары Мейіржан Сламбеков.

Осы бойынша қылмыстық іс қозғалды, сотқа дейінгі тергеу жүргізіліп жатыр.