Қар күреу жұмысына 1 100-ден астам арнайы техника жұмылдырылады
Астана әкімдігінің мәліметінше, коммуналдық қызметтер тәулік бойы күшейтілген режимде жұмыс істеп, ондаған мың текше метр қарды арнайы полигондарға шығарып жатыр, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.
Қала басшылығы 9 қараша күні күндізгі ауысымда коммуналдық қызметтер 1 633 рейс жасап, 20 мың текше метрден астам қарды арнайы полигондарға жеткізгенін мәлім етті.
10 қарашаға қараған түні қар тазалау жұмысына 415 жол жұмысшысы мен 1 143 арнайы техника жұмылдырылмақ.
«Қыс мезгілі басталғалы бері елордадан 110 мың текше метрден астам, яғни 8 917 жүк көлігі көлемінде қар шығарылған.
Алдымен негізгі көше магистральдары мен қоғамдық көлік бағыттары тазаланады. Одан кейін орташа қозғалыс орындары – аулалар, алаңдар, жаяу жүргіншілер жолдары және аялдамалар тазартылды.
Астана әкімдігі қала тұрғындары мен қонақтарын қауіпсіздік ережелерін сақтауға, жолдар мен тротуарларда барынша сақ болуға, сондай-ақ ауа райы қолайсыз кезде алыс жолға шықпауға шақырады», - делінген хабарламада.