Бұл туралы Цифрлық даму және аэроғарыш өнеркәсібі министрлігі телекоммуникациялар комитетінің төрағасы Виталий Ярошенко айтты
Цифрлық даму және аэроғарыш өнеркәсібі министрлігі телекоммуникациялар комитетінің төрағасы Виталий Ярошенко Қазақстанда 42 миллион SIM-карта тіркелгенін, ал кейбір тұрғынның атында тіпті, 30-40 мың нөмір тіркеуде тұрғаны анықталғанын айтты.
«Елімізде 42 миллион SIM-карта сатылған және олар қолданыста. Ал халық саны – 18 миллион. Яғни, статистика бойынша әр азаматқа орташа алғанда екі-үш SIM-картадан келеді. Арнайы сервисті пайдаланып, кейбір тұрғындардың екі-үш нөмірі бар екенін, ал кейбірінің атына 30-40 мың нөмір тіркелгенін анықтадық. Адамдар өз аттарына мұнша нөмірдің тіркелгенін білмеген», - деді ол.
Виталий Ярошенко ұялы телефон нөмірін бөтен адамның атына тіркеу несімен қауіпті екенін айтты.
«Мұндай жағдайда сіз өзге адамның атынан әрекет жасайсыз. SIM-картадан айырылып қалу қаупі де бар. Себебі бұл SIM-карта басқа адамның атына тіркелген. Ол кез келген уақытта ұялы байланыс операторының кеңсесіне келіп, өтініш жаза алады. Осылайша, SIM-карта бұғатталады. Карта иесі нөмір арқылы кімдерге қоңырау шалынғанын, интернет-трафик, смс туралы мәлімет ала алады», - дейді комитет төрағасы.