Бұл өңірлерде боран мен көктайғақ күтіледі
Қазақстанның 16 өңірінде 10 қараша күні ауа райының қолайсыздығына байланысты дауылды ескерту жарияланды, деп хабарлайды Azattyq Rýhy Қазгидрометке сілтеме жасап.
Синоптиктердің болжауынша, елдің көп аймағында жауын-шашын, боран, көктайғақ және тұман күтіледі.
«Кей жерлерде желдің екпіні секундына 20 метрге дейін күшеюі ықтимал», – делінген хабарламада.
Ұлытау және Қарағанды облыстарында қар мен жаңбыр түрінде жауын-шашын жауады. Түнде және күндіз көктайғақ пен төменгі боран күтіледі.
Жезқазғанда түнде боран соғып, жолдарда көктайғақ байқалады.
Ақмола және Солтүстік Қазақстан облыстарында да қар жауып, көктайғақ пен тұман күтіледі. Көкшетау мен Петропавлда қар аралас боран болуы мүмкін.
Шығыс Қазақстан мен Абай облыстарында қар аралас жаңбыр жауып, кей жерлерде қатты боран және көктайғақ болады.
Өскемен мен Семей қалаларында тұман мен төменгі боран болжанып отыр.
Жетісу, Жамбыл және Түркістан облыстарында түнде және таңертең тұман түседі, таулы аймақтарда көріну қашықтығы нашарлайды.
Атырау, Ақтөбе, Батыс Қазақстан және Маңғыстау облыстарында түнгі және таңғы уақытта тұман түседі, жолдарда көктайғақ болуы ықтимал.
Алматы облысында желдің екпіні 20 м/с дейін күшеюі мүмкін.
Қазгидромет пен ТЖМ мамандары жолға шығатын жүргізушілер мен тұрғындарға сақ болуға, ауа райының нашарлауына байланысты қажетсіз сапарларды шектеуге кеңес береді.