Қазақстан авиациялық қауіпсіздік саласында үздіктер қатарынан көрінді

Автор: Дәулет Ботагөз

Мемлекет Халықаралық азаматтық авиация ұйымы жүргізген аудит қорытындысы бойынша 95,7% сәйкестік деңгейін көрсетті

Фото: © istockphoto.com

Қазақстан авиациялық қауіпсіздік саласында халықаралық деңгейдегі жоғары нәтижеге қол жеткізді. Мемлекет Халықаралық азаматтық авиация ұйымы (ИКАО) жүргізген аудит қорытындысы бойынша 95,7% сәйкестік деңгейін көрсетті, деп хабарлайды Azattyq Rýhy ҚР Көлік министрлігіне сілтеме жасап.

«Аудит 2025 жылғы 30 тамыз бен 15 қыркүйек аралығында өтті. Нәтижесінде Қазақстанның авиациялық қауіпсіздік жүйесі ИКАО стандарттарына 95,7% деңгейінде сәйкес келетіні расталды. Бұл — әлемдік орташа көрсеткіш (72,01%) пен еуропалық деңгейден (87,92%) әлдеқайда жоғары нәтиже», – делінген министрлік мәлімдемесінде.

Еуразиялық аймақтағы ең жоғары көрсеткіштердің бірі

Министрліктің мәліметінше, Қазақстанның көрсеткіші ТМД және Еуразиялық аймақ елдері арасында ең жоғары нәтижелердің бірі болып отыр.

Салыстырмалы түрде:

  • Әзербайжанда – 74,66%;
  • Өзбекстанда – 85,47%;
  • Қырғызстанда – 85,76%;
  • Грузияда – 89,75%;
  • Беларусьте – 91,85%;
  • Ресейде – 94,14%.

Ал Таяу Шығыстағы елдер арасында БАӘ (98,4%), Катар (96,72%) және Сауд Арабиясы (94,41%) көш бастап тұр.

Бұрынғыдан айтарлықтай өсім

Бұған дейін Қазақстанның авиациялық қауіпсіздік индексі 83% болған. Осылайша, соңғы жылдары елдің әуе тасымалы мен қауіпсіздік жүйесі жақсарған.