Қалада 2 800-ден астам қызметкер тәулік бойы қар тазалау жұмыстарына шықты
Air Astana әуе компаниясы Астанадағы қолайсыз ауа райына байланысты бірнеше рейстің кешіктірілгенін мәлімдеді, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.
Компания өкілдері жолаушыларға жолға шығар алдында өз рейстерінің мәртебесін сайттан тексеруге кеңес берді.
«Қолайсыз метеожағдайларға байланысты Астанадан ұшатын кей рейстер кешіктірілді. Әуежайға барар алдында рейс мәртебесін airastana.com сайтынан тексеріп отырыңыздар», – делінген хабарламада.
Астана әкімдігі қазіргі таңда 2 800-ден астам жол жұмысшысы мен 1 300-ге жуық арнайы техника тәулік бойы жұмыс істеп жатқанын мәлімдеді.
Түнде коммуналдық қызметтер 1 254 рейспен 16 мың текше метрден астам қарды арнайы полигондарға шығарған.
«Қыс басталғалы бері елордадан жалпы көлемі 90 мың текше метр қар (7 284 жүк көлігіне тең) шығарылды», – деп хабарлады әкімдік.
Коммуналдық қызмет мамандарының айтуынша, қардан ең алдымен негізгі магистральдар мен қоғамдық көлік бағыттары тазартылып, содан кейін аулалар, тротуарлар және аялдамаларда жұмыстар жалғасады.