Шымкентте бүтін бір шағынаудан күздің қара суығында жылусыз қалды

Автор: Мөлдір Қазыбай

Теріскей шағынауданының тұрғындары жылудың жоқтығына шағымданды

Фото: Freepik.com

Шымкенттегі Теріскей шағынауданының көпқабатты үйлерінде тұратын тұрғындар пәтерлерінде жылу болмағанын айтып, наразылық білдірді, деп хабарлайды Azattyq Rýhy агенттігі Otyrar.kz сайтына сілтеме жасап.

Жылыту маусымы басталды, бірақ батареялар суық

Тұрғындардың бірі – Гүлдана Тұрымбетова, көпқабатты үйлердің бірінде тұрады. Күн суытқалы бері үйің іші салқындап кеткенін айтты.

«Үйіміз суық. Күрте киіп жүреміз. Барлығымыз ауырып шықтық. Жылыну үшін далаға шығамыз, өйткені үйде отыру қиын. Пеш қосып, бір бөлмеде ғана жылынамыз», – дейді тұрғын.

Шағынаудандағы үйлердің жартысына жылу жетпеген

Тұрғындардың айтуынша, Теріскей шағынауданындағы 62 үйдің 30-ына әлі жылу берілмеген. Бұған себеп – желідегі қысымның төмендігі мен үйлердің тозған ішкі жылыту жүйесі. Қазір тұрғындар амалсыз газ плиталары мен электр жылытқыштарын пайдаланып отыр, бұл өз кезегінде желіге қосымша салмақ түсіріп отыр.

Проблеманы мойындаған «Қуатжылуорталық-3» МКК мамандары циркуляциядағы қиындықтар бар екенін растады. Олар жағдайды 2-3 күн ішінде тұрақтандыруға уәде берді.

«Қысымның төмен болу себебі – жылу біртіндеп беріліп жатыр. Сол себепті кей үйлерге әлі жеткен жоқ. Екі-үш күнде бәрі қалыпқа келеді деп ойлаймыз», – деді кәсіпорын өкілі Марат Ахметов.

Проблема бақылауда

Мамандардың айтуынша, қиындықтың бір себебі – тұрғын үйлердің сервистік компаниялармен келісімшарттарының болмауы немесе олардың жұмысын бақылаудың жеткіліксіздігі.

Көпқабатты үйдің ішкі инженерлік жүйесі – барлық тұрғынның ортақ меншігі, сондықтан оны күтіп ұстау жауапкершілігі де өздеріне жүктеледі.

Қазір жылу желілері тексеріліп, ақаулар анықталып жатыр. Жауапты мамандар жағдайды қалыпқа келтіру үшін барлық қажетті шара қабылдауда. Мәселе қала әкімдігінің бақылауында.