Ұлттық құраманың қоржынында – 40 медаль, оның 11-і алтын
Қазақстан құрамасы джиу-джитсудан әлем чемпионатында бірінші орынды иеленді, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.
Жарыс 8 қараша күні Таиландтың астанасы Бангкок қаласында өтті.
Ересектер арасындағы додада қазақстандық спортшылар 11 алтын, 16 күміс және 13 қола медаль жеңіп алып, ерлер мен әйелдер командалық есепте үздік шықты.
Министрліктің мәліметінше, алтын медаль иегерлері қатарында Талант Тоқтыбаев (85 кг), Ақбар Елубайұлы (+94 кг), Ақжүніс Өтебаева (57 кг), Мақсат Төленді (85 кг), Мақсат Мұратұлы (56 кг), Атакелді Есетов (62 кг), Аслан Қанатбек (62 кг), Әбу-Бәкір Жанибек (69 кг), Жібек Құлымбетова (48 кг), Шерхан Жақсылық (85 кг), Бекзат Баймұратов (77 кг) бар.
Жалпыкомандалық есеп:
1. Қазақстан – 11 алтын, 16 күміс, 13 қола
2. Бейтарап спортшылар командасы – 10 алтын, 7 күміс, 17 қола
3. Вьетнам – 8 алтын, 7 күміс, 10 қола
4. Германия – 7 алтын, 3 күміс, 4 қола
5. Бразилия – 6 алтын, 7 күміс, 4 қола.
Биылғы чемпионатқа 59 елден 1100-ге жуық спортшы қатысты. Жарыс 14 қарашаға дейін жалғасады, келесі күндері U16, U18 және U21 санатындағы спортшылар өзара сынға түседі.
Қазақстанның Туризм және спорт министрлігі атап өткендей, джиу-джитсу елімізде басым бағыттағы спорт түріне айналып отыр.
«Мемлекеттік қолдау мен жасалған жағдайдың арқасында бұл спорт кеңінен танымал болып, бұқаралық сипат алды. Қазақстандық спортшылар Азия және Әлем чемпионаттарында, сондай-ақ халықаралық турнирлерде жоғары нәтижелер көрсетіп келеді», – делінген министрлік хабарламасында.