9 қараша күні елдің басым бөлігінде қар, жаңбыр, көктайғақ және қатты жел болады
Астанада және Қазақстанның 13 облысында 9 қарашада ауа райының қолайсыздығына байланысты дауылды ескерту жарияланды, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.
Синоптиктердің мәліметінше, елдің басым бөлігінде жаңбыр мен қар түрінде жауын-шашын болып, кей жерлерде көктайғақ пен боран болады.
Елордада жаңбыр аралас қар жауып, боран мен көктайғақ болады деп болжанып отыр.
Желдің жылдамдығы секундына 20–23 метрге дейін жетеді.
Ақмола облысында жауын-шашын, кей аймақтарда қар мен жаңбыр түрінде қатты жауын-шашын күтіледі. Жел екпіні 28 м/с-қа дейін жетуі мүмкін.
Қарағанды, Павлодар және Қостанай облыстарында да қар, жаңбыр, көктайғақ және төменгі боран күтіледі.
Солтүстік Қазақстан мен Шығыс Қазақстан облыстарында тұман түсіп, жел 23 м/с жылдамдықпен соғады.
Жамбыл мен Түркістан облыстарында түнде және таңертең тұман болады, кей жерлерде жел 20–28 м/с-қа дейін күшейеді.
Мамандар тұрғындарға жолда сақ болуға, ал жүргізушілерге алыс сапардан бас тартуғакеңес беріп отыр.
«Қолайсыз ауа райы жағдайында көлік қозғалысы мен байланыс жүйелерінде кідірістер болуы мүмкін», – деп ескертті «Қазгидромет».