Қала көшелерінен 16 мың текше метр қар шығарылды
Елордада коммуналдық қызметтер тәулік бойы күшейтілген режимде жұмыс істеп жатыр. 8 қарашада Астанадағы қар мен мұз тазалау жұмыстарына шамамен 3 мың жол жұмысшысы мен мыңнан астам арнайы техника жұмылдырылды, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.
Түнгі уақытта қала көшелерінен 16 мың текше метр қар шығарылды, бұл — 1254 жүк көлігіне тең. Қыс маусымы басталғалы бері жалпы 138 мың текше метр қар (4179 жүк көлігі) сыртқа тасылған.
Астана әкімдігінің мәліметінше, қар тазалау жұмыстары алдымен негізгі көше бағыттары мен автобус маршруттарында жүргізіледі. Кейінірек аулаішілік жолдар, тротуарлар мен аялдама алаңдары тазаланады.
Қала әкімдігі тұрғындар мен қонақтарға жолда және тротуарда абай болуды, сондай-ақ нашар ауа райы кезінде ұзақ сапарларға шықпауды ескертті.