Ауа райының қолайсыздығына байланысты екі облыста жол жабылды

Автор: Дәулет Ботагөз

Бұл өңірлерде қар жауып, боран болады

Фото: pixabay

8 қараша сағат 14:00-ден бастап ауа райының қолайсыздығына байланысты еліміздің екі өңірінде көлік қозғалысына шектеу енгізілді. Бұл туралы «ҚазАвтоЖол» ұлттық компаниясы мәлімдеді, деп хабарлайды Azattyq Rýhy. .

Боран болады

«8 қараша күні сағат 14:00-ден бастап қар, боран және көрінудің шектелуіне байланысты келесі бағыттарда барлық көлік түрінің қозғалысы тоқтатылады», – делінген ресми хабарламада.

Ақмола облысында қозғалыс «Астана – Шідерті – Павлодар – Үспен – Ресей шекарасы» тасжолының 16–200 шақырым аралығында (Астанадан Павлодар облысы шекарасына дейін) шектелді.

Павлодар облысында «Астана – Ерейментау – Шідерті» жолының 200–254 шақырым аралығы (Ақмола облысы шекарасынан Шідерті кентіне дейін) жабылды.

Қозғалыс 9 қарашада қайта ашылуы мүмкін

«ҚазАвтоЖол» өкілдерінің мәліметінше, жол қозғалысын қалпына келтіру 9 қараша күні сағат 08:00-де жоспарланып отыр. Алайда бұл шешім ауа райының тұрақталуына байланысты өзгеруі мүмкін.

Компания жүргізушілерге ұзақ сапарға шықпауды, ауа райы болжамын бақылап, жол қызметінің ресми ескертулеріне құлақ асуды ұсынды.