Балалар құқықтарын қорғау комитеті қоғамды зорлық көрген балалардың видеосын таратпауға шақырды
Ақтөбе облысында зардап шеккен қыз баланың видеосы желіде тарағаннан кейін Оқу-ағарту министрлігінің Балалардың құқықтарын қорғау комитетінің төрайымы Насымжан Оспанова қоғамға үндеу жасады, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.
«Апта басында әлеуметтік желілерде ересектердің Ақтөбе облысында зардап шеккен қыздан «кім, қайда, қашан және қалай» деген сұрақтарды қойып, оны түсіріп алған видеосы тарады. Қыз бала қорыққан, абдырап қалған. Ал біреулер бұл сәтті хайп үшін түсіріп отыр. Есте сақтаңыздар, мұндай әрекеттер көмек емес, қайтадан жара салу», – деді Насымжан Оспанова.
Оның айтуынша, интернетке тараған әрбір бейнежазба өшпес із қалдырады.
«Есіңізде сақтаңыз, бұл – жанашырлық емес. Бұл – баланың жан дүниесіне салынған жараны қайта қанатып, екінші мәрте сыздату. Мұндай жазбалар ақпарат кеңістігінде ұзақ сақталып, баланың жанын күндердің бір күні қайта жаралайтыны сөзсіз.
Фото, видео, дауыс, есім – тіпті бұлдырлаған бейненің өзі де жарияланбауы тиіс. Қазіргі технология кез келген көмескі кадрды анықтай алады», – деп атап өтті комитет төрайымы.
Насымжан Оспанова атап өткендей, «Баланың құқықтары туралы» заң әрбір баланы оның денсаулығына, дамуына және қадір-қасиетіне зиян келтіретін ақпараттан қорғауға кепілдік береді.
Сондай-ақ «Бұқаралық ақпарат құралдары туралы» заң кәмелетке толмаған жәбірленушілердің жеке және биометриялық деректерін таратуға тыйым салады.
Ал «Жеке деректер және оларды қорғау туралы» заң баланың жеке басын анықтауға мүмкіндік беретін ақпаратты оның ата-анасының немесе заңды өкілдерінің келісімінсіз жинауға және таратуға жол бермейді.
«Баланың аты-жөні, жасы, тұрғылықты жері, оқитын мектебі – мұның бәрі жеке дерек болып саналады. Азаматтық кодексте адамның бейнесін оның келісімінсіз пайдалануға болмайтыны жазылған, ал Қылмыстық кодекс жеке өмірге қол сұғушылық үшін айыппұлдан бастап бас бостандығынан айыруға дейінгі жауапкершілікті көздейді», – деді Оспанова.
Комитет төрайымның айтуынша, бұл нормалар қағаз жүзіндегі формальдық емес. Олар – қиын жағдайда қалған баланы көпшіліктің тасбауыр назарынан арашалап қалудың заңнамалық қалқаны.
«Мен бұл мәселеге журналистердің, блогерлердің және қоғам белсенділерінің назарын аударғым келеді. Баланың бейнесін жариялап, аты-жөнін көпшілікке таратудан аулақ болыңыздар. Бөгденің қайғысын контентке айналдыруға болмайды. Әлеуметтік желідегі бұл видеоға басылған әрбір лайк – баланың басынан өткен қайғыны қайта еске салатын таңба. Зорлық-зомбылық көрген балаға ең керегі – қауіпсіздік пен шынайы қолдау. Желі толы қаралым – жан жарасына жұбаныш бола алмайды», – деді Насымжан Оспанова.