Бисерік Е.Б. пара алғаны, пара беруге итермелегені және алаяқтығы үшін бас бостандығынан айырылды. Енді ол өмір бойы мемлекеттік қызметте жұмыс істей алмайды, - деп хабарлайды "Azattyq ruhy" тілшісі.
Алматы облысының сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызметінің мәліметінше, экс-шенеуніктің жеке компания басшылығынан 1,5 млн теңгеден астам пара алғаны анықталды. Ол заңсыз сыйақы үшін фирманы мемлекеттік сатып алуға жосықсыз қатысушылар тізіліміне енгізу туралы өтінімді жіберу мерзімін ұзартпақ болған.
Бұдан бөлек, заң бөлімінің бұрынғы басшысы Бисерік Е.Б. компанияның 3,5 млн теңгесін алаяқтық жолмен иемденіп, 8,5 млн теңгесін ұрлауға оқталғаны, сондай-ақ судьяларға 3,5 млн теңгеден астам сома және облыстық құрылыс басқармасының басшысына 8,5 млн теңге көлемінде пара беруге бірнеше рет итермелегені үшін айыпталып отыр.
6 қыркүйекте Талдықорған соты пара алғаны, пара беруге итермелегені және алаяқтығы үшін азамат Бисерікті 8 жылға бас бостандығынан айырды. Және ол өмір бойы мемлекеттік қызметте жұмыс істеу құқығынан айырылды.