Астанада LRT жүйесінде жұмыс істеуге қажет мамандарды қабылдау басталды

Автор: Асыл Арман

Бос лауазымдар белгілі болды

Фото: CTS компаниясы

Астанада «City Transportation Systems» ЖШС жеңіл рельсті көлік (LRT) жүйесінде жұмыс істеу үшін қызметкерлер қабылдау басталғанын мәлім етті, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.

Компанияда мынадай бос лауазымдар бар:

  • Станциялардың ауысым басшылары;
  • Станция кезекшілері;
  • Жылжымалы құрам орталығының қозғалыс диспетчерлері;
  • Жылжымалы құрам орталығының орталықтандыру бекетінің диспетчерлері;
  • LRT жабдықтары мен инфрақұрылымын басқару орталығының диспетчерлері;
  • Жабдықтар мен инфрақұрылымды басқару орталығының сигнализация техниктері;
  • Жабдықтар мен инфрақұрылымды басқару орталығының байланыс техниктері;
  • Жабдықтар мен инфрақұрылымды басқару орталығының электр монтерлері;
  • Жабдықтар мен инфрақұрылымды басқару орталығының жол жөндеу учаскесінің шеберлері;
  • Жылжымалы құрам орталығының жабдықтарды жөндеу слесарьлары;
  • Қойма меңгерушілері.

«Жеңіл рельсті көлік жүйесінде жұмыс істейтін болашақ қызметкерлерді оқыту жұмыс беруші есебінен жүргізіледі. Теориялық және практикалық дайындық Қазақстанда және ҚХР өткізіледі.

Курстың ұзақтығы – мамандыққа байланысты 4 айдан 6 айға дейін. Оқыту аяқталғаннан кейін халықаралық үлгідегі сертификат беріледі. Оқыту бағдарламасын сәтті аяқтаған барлық қатысушы LRT бөлімшелеріне жұмысқа орналастырылады. Жұмысқа қабылдау Қазақстан Республикасының Еңбек кодексіне сәйкес жүзеге асырылады.

Бағдарламаның мақсаты – пойыздардың жүргізушісіз қозғалысын, сенімді байланысты және барлық қызметтің үйлесімді жұмысын қамтамасыз ететін жоғары технологиялық LRT басқару жүйесінде жұмыс істей алатын білікті қазақстандық мамандарды даярлау», – делінген CTS хабарламасында.

Үміткерлерге қойылатын талаптар:

  • жоғары немесе орта-арнайы білім (көлік, машина жасау, электр техникасы немесе тиісті салалар);
  • кемінде 2 жыл жұмыс тәжірибесі (біліктілік талаптары «cts.gov.kz» сайтында орналастырылған).

Оқу кезеңінде бес күндік жұмыс аптасы қарастырылған. Жұмысқа орналасқаннан кейін – лауазымға байланысты бес күндік немесе ауысымдық жұмыс кестесі белгіленеді.