Ақтөбеде ашық құдыққа құлап кеткен әйел адам ауруханада көз жұмды

Автор: Асыл Арман

Ашық құдықтың айналасы қоршалмаған

Фото: «Диапазон»

Қайғылы оқиға 18 шілде күні «Ақтөбе Ажары» тұрғын үй кешені маңында болған. Үйдің жанындағы тротуарда бірнеше құдық бар, бұл аумақпен күн сайын жүздеген қала тұрғыны өтеді. Сол күні құдықтардың бірінің қақпағы ашық қалып, өтіп бара жатқан әйел ішіне құлап кеткен, деп хабарлайды Azattyq Rýhy агенттігі «Диапазон» басылымына сілтеме жасап.

Басылымның мәліметінше, зардап шеккен ақтөбелік Гүлжан Сатаева ауыр күйік алып, 11 күн бойы ауруханада жатқан, алайда дәрігерлер оның аман алып қала алмады.

Қылмыстық іс әйелдің қазасынан кейін ғана қозғалған, бірақ біраз уақыттан соң тоқтатылған. Марқұмның туыстары бұл шешімге наразы болып, оқиға болған күні құдық маңында жөндеу жұмысы жүргізілгенін, алайда ешқандай қоршау мен ескерту лентасы болмағанын атап өтті.

«Бұл жағдайды оқиға болған сәттен кейін полиция бірден маңайдағы нысандарға орнатылған бейнебақылау камераларының жазбаларын тәркілеп, зерттегенде оңай анықтауға болар еді», – деді Гүлжан Сатаеваның туыстары.

Кейін бұл іске марқұмның отбасының мүддесін қорғап жүрген адвокат Даурен Алданиязов араласты. Оның өтінішінен кейін қала прокуратурасы істі тоқтату туралы қаулының күшін жойып, тергеу қайта басталды.

Полиция департаменті істің тергеліп жатқанын растады.

«Полиция департаменті қауіпсіздік талаптарына сай келмейтін тауарлар, жұмыстар немесе қызметтерді шығару не сату фактісі бойынша қылмыстық істі тергеп жатыр. Қазір оқиғаның барлық мән-жайы анықталып жатыр. Бейнебақылау камераларының жазбалары алынып, зерттелуде, куәгерлерден жауап алынуда және өзге де тергеу іс-шаралары жүргізіліп жатыр», – деп хабарлады Ақтөбе облысы ПД баспасөз қызметі.

Марқұмның туыстары трагедияның куәгерлерін әлі де іздестіруде. Сол күні оқиға орнынан өткен адамдар немесе камерасы бар көлік жүргізушілері әйелдің өлімінің барлық мән-жайын анықтауға көмектесе алар еді, дейді отбасы мүшелері.

Тегтер: