Apple, Microsoft, OpenAI, Temu: шетелдік компаниялар Қазақстанға 118,4 млрд теңге салық төледі
Ал биылдың өзінде 48,6 млрд теңге салық төленген
Мемлекеттік кірістер комитетінің мәліметінше, 2022 жылдың 1 қаңтарынан бастап Қазақстанда электронды қызметтер көрсететін немесе интернет арқылы тауар сататын шетелдік компанияларға салық салу тетігі қолданылады. «Google салығы» деп аталатын бұл жүйе шетелдік платформаларды елде тіркелуге және 12% мөлшерлемемен ҚҚС төлеуге міндеттейді, деп хабарлайды Azattyq Rýhy ведомствоға сілтеме жасап.
Қазіргі уақытта есепте 118 шетелдік компания бар. Олардың қатарында әлемнің ең ірі брендтері – Apple, Microsoft, OpenAI, Canva, Valve және Temu бар. Ал 2025 жылдың өзінде Chess.com, Canyon Bicycles GmbH және басқа да 20 компания қосылған.
«Салықтың қолданысқа енгізілген кезінен бастап шетелдік интернет-компаниялар 118,4 млрд теңге төлеген, оның 48,6 млрд теңгесі 2025 жылға тиесілі. Бұл өткен жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда 20 млрд теңгеге көп», — деп хабарлады ҚР Қаржы министрлігінің Мемлекеттік кірістер комитеті.
2025 жылы ең ірі ҚҚС төлеушілердің қатарында Valve Corporation (8,6 млрд теңге), Apple (8 млрд теңге) және Temu (6,2 млрд теңге) бар.
Ведомство атап өткендей, Қазақстан ЭЫДҰ ұсынымдарына сәйкес келетін салық моделін енгізу арқылы әлемдік тәжірибені ұстанып отыр. Мұндай цифрлық салықтар ЕО елдерінде, Ұлыбританияда, Канадада, Үндістанда, Жапония мен Аустралияда да қолданылады.
Ведомство өкілдері «цифрлық ҚҚС» Қазақстанға бюджет кірісін арттырумен қатар, отандық IT-компаниялар үшін тең бәсекелестік жағдай жасап, цифрлық қызметтер нарығында ашықтық пен әділдікті қамтамасыз етуге мүмкіндік бергенін атап өтті.