Ол күзетші әйелдің бетінен екі рет ұрған
Алматыда курьер тұрғын үй кешенінде жұмыс істейтін күзетші әйелді ескерту жасағаны үшін ұрып, маңдайын қанатқан соң оқиға орнынан қашып кеткен, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.
Зардап шеккен әйел адамның айтуынша, курьер оның бетінің екі рет ұрып, маңдайын жарған. Ол дереу полиция мен ауруханаға жүгінген. Желідегі мәліметке сүйенсек, қазір терісіне тігіс салынды, ауыр жарақат жоқ, бірақ басы жиі ауыратынын айтқан.
Полиция оқиға бойынша «Денсаулыққа қасақана жеңіл зиян келтіру» бабымен қылмыстық іс қозғады. Алайда күдіктіні табу әзірге мүмкін болмай отыр, тексеру кезінде оның мопеді басқа адамға тіркелгені анықталды.
«Денсаулыққа қасақана зиян келтіру фактісі бойынша қылмыстық іс қозғалды. Кінәлі адамды жауапкершілікке тартуға бағытталған тергеу іс-шаралары жүргізіліп жатыр. Оған заңнамаға сәйкес шаралар қолданылатын болады», – деді Полиция департаменті агенттік тілшісіне берген түсініктемесінде.