Қарағандыда 173 мың доза есірткі өндірген қылмыстық топ ұсталды
Синтетикалық есірткі өндіретін жасырын зертхана әшкереленді
Қарағанды облысында есірткі өндірумен айналысқан қылмыстық топ қолға түсті, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.
Облыстық прокуратура мен полицияның бірлескен арнайы операциясы барысында Сортировка кентінде синтетикалық есірткі дайындаған екі тұрғын ұсталды.
Тінту кезінде полицейлер 1 тоннадан астам прекурсор мен 52 келіден астам дайын «Альфа-PVP» есірткісін тәркіледі. Сондай-ақ есірткі өндіруге арналған арнайы құрал-жабдықтар алынды.
Нәтижесінде 173 мың доза улы заттың қара нарыққа түсуінің жолы кесілді.
«Күдіктілер зертхананы жалдамалы үйде ұйымдастырған, есірткіні куратордың нұсқауымен дайындап, ақысы криптовалюта түрінде төленіп отырған.
Қазір ұсталғандар уақытша ұстау изоляторында, сотқа дейінгі тергеу жүргізіліп жатыр», – делінген облыстық ПД хабарламасында.