Астанадан Аршалыға жеткен: жүк пойызымен «серуендеп жүрген» 8-11 жастағы үш бала ұсталды

Автор: Асыл Арман

Оларды көліктегі полиция бөлімшесінің қызметкерлері ұстады

Фото: freepik.com

Биыл 10 айдың ішінде көлік полицейлері теміржол көлігін пайдалану ережелерін бұзудың 3 700-ден астам дерегін анықтады. Полицейлердің айтуынша, мұндай заңсыз әрекеттердің көбі балалар мен жасөспірімдердің өміріне қауіп төндіреді, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.

Көліктегі полиция департаментінің қызметкерлері Қазақстан Республикасының Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодексінің 560-бабының 1-бөлігінде көзделген теміржол көлігі құралдарын пайдалану қағидаларын бұзудың 3 769 фактісін анықтады. Мұндай құқықбұзушылықтарға жүк пойыздарында заңсыз жүрiп-тұру, пойыз жүрiп бара жатқанда отырғызу және түсiру, вагондардың тепкiшектерi мен төбесiнде жүрiп-тұру, қажетсiз сәтте пойызды заңсыз тоқтату жатады.

Мәселен, Ақмола облысының Аршалы станциясында көліктегі полиция бөлімшесінің қызметкерлері 8, 10 және 11 жастағы үш кәмелетке толмаған баланы жүк пойызынан түсірді.

«Тексеру барысында анықталғандай, балалар Астана станциясында қызығушылық пен ойын мақсатында бос жүк вагонына мініп, ондаған шақырым жол жүрген. Бақытымызға орай, көлік полицейлерінің қырағылығының арқасында балалар дер кезінде табылып, қайғылы жағдайдың алды алынды.

Кәмелетке толмағандардың ата-аналары теміржол көлігі құралдарын пайдалану қағидаларын бұзу бойынша жауапкершілікке тартылды. Сонымен қатар, олар балаларды тәрбиелеу, қауіпсіздігін қамтамасыз ету және құқықтарын қорғау жөніндегі міндеттерін орындамағаны үшін де жауапкершілікке тартылады.

Көлік полицейлері ата-аналарға балаларды қараусыз және бақылаусыз қалдыру олардың өз өмірі мен денсаулығына, сондай-ақ басқа азаматтардың қауіпсіздігіне қатер төндіретін ауыр салдарға әкелуі мүмкін екенін ескертеді», – делінген Көліктегі ПД баспасөз қызметі хабарламасында.