Алаяқтар Павлодар облысының тұрғындарынан 1,2 млрд теңге жымқырмақ болды

Автор: Асыл Арман

Облыс аумағында жыл басынан бері интернет алаяқтығы бойынша 2000 қылмыс тіркелді

Фотоколлаж: Azattyq Rýhy/Әбілқасым Есентаев

Павлодар облысында жыл басынан бері интернет алаяқтығы бойынша 2000 қылмыс тіркелгені белгілі болды, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.

«Қабылданып жатқан шараларға қарамастан, облыс аумағында интернет-алаяқтық фактілерінің өсуі әлі де байқалады. Биыл шамамен 2000 қылмыс тіркеліп, 28 адам мен 2 топ ұсталды, олардың қатысуымен 237 интернет-алаяқтық жасалған. Сонымен қатар, 8 SIM-бокс пен 1889 SIM-карта тәркіленді», – деп хабарлады Павлодар облысы ПД киберқылмысқа қарсы іс-қимыл басқармасының жедел уәкілі Сұлтанбек Қадіржанов.

Спикердің айтуынша, өңір аумағында мобильді трафикті белсендірушілер анықталған. Олар абоненттік нөмірлерді тіркеумен және таратумен айналысқан. Олардың қолынан шамамен 250 дана «Beeline» АҚ-ның SIM-картасы тәркіленді. Бұл дерек бойынша төрт адам ұсталды, олардың үшеуі кәмелетке толмағандар.

«Антифрод-орталығы» аясында құқық қорғау органдары қаржы мекемелерімен өзара іс-қимыл жүргізуде. Биыл жыл басынан бері банк шоттарын бұғаттау бойынша 3478 инцидент тіркелді. Жалпы бұғатталған қаражат көлемі 1 млрд 213 млн теңгеден асты. Аталған платформа арқылы 93 млн теңге дропперлерден қайтарылып, 32,9 млн теңге көлеміндегі қаражатты бұғаттау мүмкін болды», – деп атап өтті құқық қорғау қызметкері.

Аталған қылмыстардың алдын алу мақсатында полицейлер облыстағы барлық дерлік кәсіпорын ұжымдарымен кездесулер өткізіп келеді. Қала және ауылдық жерлерде тұрғын үйлерге барып, түсіндіру жұмыстары жалғасуда.

Құқық қорғау органдары Павлодар облысының тұрғындарын тағы да өз жеке деректерін бөгде адамдарға бермеуге, SMS-хабарлама түрінде келетін растау кодтарын ешкімге айтпауға, беймәлім сілтемелерге өтпеуге және түсініксіз қосымшаларды орнатпауға шақырады.