Астанада шизофрениямен ауыратын адамға заңсыз айыппұл салынған

Автор: Асыл Арман

Мұндай диагнозы бар науқастар әкімшілік жауапқа тартылмайды

Фото: istockphoto.com/KatarzynaBialasiewicz

Астана қаласында әрекетке қабілетсіз азаматтардың құқықтары бұзылғанын анықтады, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.

Азамат Д. Қазақстан Республикасының Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодексінің (бұдан әрі - ӘҚБтК) 437-бабының 1-бөлігі бойынша (тыныштықты бұзу) әкімшілік жауаптылыққа тартылып, 18 460 теңге көлемінде айыппұл салынған.

Алайда, ол психикалық ауруына (шизофрения) байланысты әрекетке қабілетсіз деп танылған және (ӘҚБтК-нің 28, 29-баптарына сәйкес) әкімшілік жауапқа тартылмайды.

«Әрекетке қабілетсіз тұлғаларды әкімшілік жауаптылыққа заңсыз тартудың 41 фактісі анықталды. Прокурорлық қадағалау актілерінің негізінде бұл істердің барлығы тоқтатылды. Азаматтардың құқықтарының сақталуына бағытталған қадағалау жұмысы жалғасып жатыр», – делінген прокуратура хабарламасында.