Астанада автокөлік тұрғын үйге соғылды (ВИДЕО)

Автор: Алмас Ерсін

Жол апатына көктайғақ себеп болды

Фото: видеодан скрин

Астанада көлік жүргізушісі тұрғын үй кешендерінің бірінің ғимаратына соғылды. Елорда полиция департаментінің баспасөз қызметі оқиғаның мән-жайын баяндады, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.

Не жағдай болды

Әлеуметтік желіде оқиға орнында түсірілген видео тарады. Куәгерлер апаттың №111 мектептің маңында болғанын хабарлады.

«Көлік тұрғын үй кешеніне соғылды», - деп жазылған видеоның астында.

Полиция не дейді

Астана полиция департаментінің баспасөз қызметі жол апаты болғанын растады. Құқық қорғау органдарының мәліметінше жүргізуші ауа райы жағдайын ескермеген.

«Тұран даңғылындағы үйдің ауласында Nissan көлігінің жүргізушісі ауа райы жағдайын (көктайғақ) ескермей, рөлді басқара алмай, жолдан шығып кеткен. Көлік бордюрден өтіп, ғимараттың қаптамасына соғылған», - деп хабарлады департамент.

Полицияның мәліметінше жол апатынан көліктің жолаушысы жарақат алып, жедел жәрдеммен ауруханаға жеткізілген. Оқиға бойынша тергеу жүргізіліп жатыр.