Алдағы күндері ел аумағында қар жауып, көктайғақ болады
Ішкі істер министрлігі ауа райының нашарлауына байланысты жүргізушілерге үндеу жасады, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.
Ведомствоның мәліметінше алдағы күндері ел аумағында қар жауып, көктайғақ болады, жел күшейіп, жолдарда көріну деңгейі төмендейді. Тәртіп сақшылары жүргізушілерді барынша мұқият болуға және көліктерін алдын ала дайындауға шақырды.
«Доңғалақтардың, тежегіш жүйесінің жағдайын, техникалық сұйықтықтардың деңгейін және қажетті қысқы жабдықтардың бар-жоғын тексеріңіздер», - деп атап өтті ІІМ Әкімшілік полиция комитетінің басқарма бастығы Айдын Оразбаев.
Әсіресе жолаушыларды тасымалдаумен айналысатын және қалааралық жолдарға шығатын жүргізушілер жылдамдық режимін, арақашықтықты және маневр жасау ережелерін қатаң сақтауы қажет.
«Өзіңіздің және айналаңыздағы адамдардың өмірін сақтаңыздар. Жолдағы қауіпсіздік әрқайсымыздан басталады», - деп түйіндеді Айдын Оразбаев.
Еске сала кетейік, бұған дейін Ақмола облысының патрульдік полициясы көктайғаққа байланысты қызмет өткерудің күшейтілген нұсқасына ауыстырылған болатын.