Аршалы ауданының соты оны екі күнге бас бостандығын шектеуге және көлік жүргізу құқығынан бір жылға айыруға үкім шығарды
Ақмола облысының патрульдік полиция ротасының қызметкерлері көлігіне жалған тіркеу нөмірін орнатып, жол камераларын «алдап соғуға» тырысқан жүргізушіні ұстады, деп хабарлайды Azattyq Rýhy облыстық полиция департаментінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
Астана - Қарағанды - Алматы автожолының 1327-ші шақырымында патрульдеушілердің назарын елорданың 27 жастағы тұрғыны жүргізген Toyota Camry автокөлігі аударды.
Облыстық ПД патрульдік полиция ротасы 1-взводының командирі полиция капитаны Жангелді Әлібековтың айтуынша құжаттарды тексеру кезінде тіркеу нөмірі ресми базада жоқ екені анықталған.
«Жүргізуші Шымкенттен Астанаға барғанын және Балқашта жол камераларына түсіп қалмау үшін түпнұсқа нөмірді жалған нөмірге ауыстырғанын мойындады. Ол жаназаға асығып бара жатқандықтан, жылдамдықты асыратынын алдын ала білген», - деп атап өтті Жангелді Әлібеков.
Полицейлер жалған тіркеу нөмірін орнатқаны және пайдаланғаны үшін ер адамға қатысты екі әкімшілік хаттама толтырды.
Аршалы ауданының соты оны екі күнге бас бостандығын шектеуге және көлік құралдарын басқару құқығынан бір жылға айыруға үкім шығарды.
Жангелді Әлібековтің мәліметінше мұндай жағдайлар жиі болып тұрады.
«Кейбір жүргізушілер нақты нөмірді алып тастап, жалған нөмір қояды, камералар тіркемейді деп үміттенеді. Бірақ мұндай қулықпен ұзақ уақыт жүре алмайды», - деді ол.