«Жүз жыл бұрынғыдай болады»: ДДСҰ пандемияның екінші толқыны туралы ескертті
ДДСҰ коронавирус пандемиясының екінші толқынында миллиондаған адам өлуі мүмкін екенін айтты

Әлемде коронавирус пандемиясының екінші толқыны кезінде миллиондаған адам өлуі мүмкін. Бұл туралы Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымы бас директорының стратегиялық мәселелер бойынша көмекшісі Раньери Герра айтты, деп хабарлайды Azattyq Rýhy тілшісі CNN-ге сілтеме жасап.
Ол қазіргі пандемияны 20 ғасырдың басында болған «испан тұмауымен» салыстырды және жаһандық деңгейде коронавирустың таралуы ДДСҰ күткендей болып жатқанын айтты.
«Испан тұмауы тура қазіргі COVID-19 инфекциясы сияқты тараған. 1918 жылдың жаз айларында вирустың таралуы бәсеңдеп, қыркүйек-қазан айларында қайта күшейген. Соның нәтижесінде испан тұмауының екінші толқынында 50 млн адам қайтыс болды», - деді Герра.
Ол пандемия ДДСҰ күткендей өрбіп жатқанын айтты.
Айта кету керек, Джонс Хопкинс университетінің дерегіне сүйенсек, әлемде 9,8 млн адам коронавирус жұқтырып, 500 мыңға жуық адам көз жұмған. Аурудан жазылғандар саны 5 миллионға жуықтап қалды.