Ақмола облысында жылдамдық режиміне шектеу енгізілді

Автор: Алмас Ерсін

Жолдағы жылдамдық режимі ауа райы тұрақтанғаннан кейін қалпына келтіріледі

Фото: istockphoto.com

Ақмола облысында ауа райының нашарлауына байланысты жылдамдық режиміне шектеу енгізілді, деп хабарлайды Azattyq Rýhy «ҚазАвтоЖолға» сілтеме жасап.

«2025 жылғы 2 қараша сағат 19:00-ден бастап Ақмола облысында ауа райының нашарлауына байланысты республикалық маңызы бар «KAZ02 Астана – Көкшетау (айналма жол) – Петропавл – РФ шекарасы (Жаңа Жол өткізу пункті)» автожолының 180–243 шақырымы аралығында көліктің барлық түрі үшін жылдамдық шектеуі 140 км/сағ-тан 110 км/сағ-қа дейін төмендетіледі», - деп жазылған хабарламада.

Жолдағы жылдамдық режимі ауа райы жағдайы тұрақтанып, қозғалыс қауіпсіздігі қамтамасыз етілгеннен кейін, 2025 жылғы 3 қараша күні сағат 09:00-де қалпына келтіріледі деп жоспарланып отыр.

Еске сала кетейік, «ҚазАвтоЖол» Батыс Қазақстан облысындағы тұманға байланысты жүргізушілерге ескерту жасаған болатын. 2 қарашадан 3 қарашаға қараған түні және таңертең, сондай-ақ 3 қараша күні түнде және таңертең облыстың батысында, солтүстігінде, шығысында тұман түсуі ықтимал. Сонымен қатар Орал қаласында бүгін түнде және таңертең тұман түсуі мүмкін.

Осы ретте акционерлік қоғам жол жүргізушілерді жол ережелерін қатаң сақтап, ауа райының қолайсыздығын ескеріп, ұзақ жолға шықпауға шақырды.