Бір көлік жүргізушісі рөлге ие бола алмай, қарсы жолаққа шығып кеткен
1 қараша күні таңғы сағат 07:15 шамасында Алматы – Бішкек тасжолының Қарасай ауданындағы 41-шақырымында ірі жол апаты болды. Оқиға салдарынан бірнеше адам түрлі жарақат алды, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.
Полицияның алдын ала мәліметінше, Lexus RX300 автокөлігінің жүргізушісі рөлге ие бола алмай, қарсы жолаққа шыққан. Салдарынан Toyota Land Cruiser 100 және Toyota Camry көліктерімен соқтығысқан.
«Жол апаты кезінде барлық жүргізуші мен жолаушы түрлі жарақат алып, Қаскелең қаласындағы ауруханаға жеткізілді. Toyota Land Cruiser жүргізушісі мен жолаушысы ауыр халде жансақтау бөлімінде жатыр», – делінген облыстық полиция департаменті хабарламасында.
Қазір апаттың мән-жайы анықталып жатыр. Полиция жол-көлік оқиғасы бойынша қажетті сараптамалар тағайындалғанын мәлімдеді.
Құқық қорғау органдары ауа райының қолайсыздығына байланысты жүргізушілерді абай болуға шақырды.
«Күн суытып, жол тайғақ болғандықтан, жүргізушілерден жылдамдықты азайтып, жол қозғалысы ережелерін қатаң сақтауды сұраймыз», – делінген хабарламада