Атырауда болған төбелестің видеосы тарады: полиция қылмыстық іс қозғады
Төрт кәмелетке толмаған күдікті полиция бөлімшесіне жеткізілді
 
                        Атырауда қараусыз қалған гараждардың жанында агроколледждің студенттері арасында төбелес болды. Әлеуметтік желілерде қақтығыстың видеосы тарады, деп хабарлайды Azattyq Rýhy Atyrau Oil басылымына сілтеме жасап.
Атырау облыстық полиция департаментінің мәліметінше екі жасөспірімге дене жарақатын келтірді деген күдікпен төрт студент анықталып, полицияға жеткізілген. Төбелесті қатысушылардың бірі ұялы телефонға түсірген.
«Күдіктілер кәмелет жасына толмағандықтан, олардың заңды өкілдерінің қатысуымен жауап алынып жатыр. Қылмыстық іс қозғалып, жан-жақты тергеу амалдары жүргізілуде», - деп хабарлады Атырау облыстық полиция департаментінің баспасөз қызметі.
Сонымен қатар жасөспірімдер полицияның профилактикалық есебіне алынып, материалдар кәмелетке толмағандар ісі жөніндегі комиссияға жолданады.
 
                         
                    