Қызылорда және Түркістан облыстарында су заңнамасын бұзғандарға 46,7 млн теңге айыппұл салынды

Автор: Бақыт Шынар
Фото: istockphoto.com

Арал-Сырдария бассейні су инспекциясы 2025 жылдың алғашқы тоғыз айында су заңнамасын бұзғандарға қатысты 439 әкімшілік іс қозғады. Бұл туралы Су ресурстары және ирригация министрі Нұржан Нұржігітов инспекцияның жыл басынан бергі жұмыс қорытындысын тыңдау барысында мәлім болды, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.

Министрліктің ақпаратына сүйенсек, осы кезеңде су заңнамасын бұзғандарға салынған айыппұлдың жалпы сомасы 46,7 млн теңгені құрады.

Сонымен қатар жыл басынан бері Арал-Сырдария бассейндік су инспекциясы Қызылорда және Түркістан облыстарында арнайы су пайдалануға 286 рұқсат берген.

Инспекция басшысы Зейнолла Қазтоғановтың айтуынша, өткен вегетация кезеңінде заңсыз су алу және тіркелмеген сорғы қондырғыларын орнату фактілері анықталған.

«Суармалы суды әділ бөлу мақсатында инспекторлар министрліктің орталық аппараты мен «Қазсушар»РМК мамандарымен бірлесіп су шаруашылығы жағдайына тұрақты мониторинг жүргізді. Жаңа Су кодексінде көзделген бақылау функциялары бассейндік су инспекцияларына жедел әрекет етуге мүмкіндік береді», – деді ол.