Астанада екі қабатты ғимараттан өрт шықты

Автор: Дәулет Ботагөз

Өрт сөндіру жұмыстары жоғары рангпен жүргізілді

Фото: ТЖМ

Астана қаласының Байқоңыр ауданында орналасқан екі қабатты шаруашылық корпусында өрт шықты. Оқиға орнына шұғыл жеткен өрт сөндірушілер қызыл жалынды сөндіру жұмыстарын жоғары рангпен жүргізді, деп хабарлайды Azattyq Rýhy ҚР Төтенше жағдайлар министрлігіне сілтеме жасап.

Өрттің таралуы тоқтатылды

Министрлік мәліметінше, өрт туралы хабарлама таңертең түскен. Оқиға орнында төрт жауынгерлік бөлімше жұмылдырылып, оперативтік штаб құрылған. Су үздіксіз беріліп жатыр.

«Қазіргі уақытта өрттің таралу қаупі жойылды. Өрттің таралуы тоқтатылды», — деп хабарлады ТЖМ.

Алдын ала ақпарат бойынша, зардап шеккендер жоқ. Өрттің шығу себептері анықталып жатыр.