Ресейде отырып Қазақстан тұрғындарын алдаған төрт алаяқ ұсталды (ВИДЕО)
Арнайы операция барысында 19 мыңнан астам қазақстандық және еуропалық sim-карталар тәркіленді
Қазақстанның Ішкі істер министрлігі Ресейде жұмыс істеген интернет-алаяқтардың трансұлттық желісі жойылғанын хабарлады. Операция 21 қазанда Ресей Ішкі істер министрлігімен халықаралық ынтымақтастық аясында өтті, деп хабарлайды Azattyq Rýhy Polisia.kz сайтына сілтеме жасап.
Ведомствоның мәліметінше Қазақстан Республикасы ІІМ Киберқылмысқа қарсы іс-қимыл департаментінің қызметкерлері ресейлік әріптестерімен бірлесіп, Ресейдің үш өңірінде интернет-алаяқтардың жолын кесті.
«Олар Қазақстан мен ТМД елдерінің азаматтарына қатысты заңға қайшы әрекеттер жасау үшін sim-карталарды жеткізу және қосу арнасын ұйымдастырған. Арнайы операция нәтижесінде күдіктілерден 11 sim-box құрылғысы, 3 ноутбук, 31 ұялы телефон, сондай-ақ 19 мыңнан астам қазақстандық және еуропалық sim-карталар тәркіленді», - деді ҚР ІІМ киберқылмысқа қарсы іс-қимыл департаменті бастығының орынбасары Аслан Өскембаев.
Тәркіленген ноутбуктерде 2023 жылдың басынан бастап іске қосылған түрлі байланыс операторларының абоненттік нөмірлері туралы мәліметтер сақталған "лог-файлдар" табылды. Бұл нөмірлер алаяқтық қоңыраулар жасау үшін пайдаланылған.
«Заңсыз әрекеттері үшін Ресей Федерациясының төрт азаматы ұсталды. Барлық мән-жайды анықтауға бағытталған тергеу және жедел-іздестіру шаралары жалғасуда», - деп толықтырды Өскембаев.
Оның айтуынша бірлескен әрекеттер sim-карталарды жеткізу арнасын және трансұлттық ұйымдасқан топтың қызметін тоқтатуға, азаматтарды алаяқтық схемаларға тартудың алдын алуға мүмкіндік берді.