Юрий Аравин қазақ музыкасына, халық композиторлары мен ақындарының мұрасына арналған бірқатар телерадио бағдарламаларын жасады
Қазақстан президенті Қасым-Жомарт Тоқаев көрнекті мәдениет қайраткері, «Отан» орденінің иегері Юрий Аравиннің отбасына көңіл айтты, деп хабарлайды Azattyq Rýhy Ақорданың баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
«Президент көрнекті мәдениет қайраткері, «Отан» орденінің иегері Юрий Аравиннің дүниеден өтуіне байланысты оның отбасы мен жақындарына көңіл айтты», - деп жазылған хабарламада.
Мемлекет басшысы өнертанушының қазақ фольклорлық және классикалық музыкасын дәріптеуге қосқан айрықша үлесін атап өтті.
Мәдениет және ақпарат министрі Аида Балаева да қайраткер тұлғаның отбасы мен туған-туыстарына, шәкірттері мен әріптестеріне қайғыра көңіл айтты. Ол Юрий Петровичтің есімі халқымыз үшін аса қадірлі екенін атап өтті.
«Юрий Петрович қазақтың халық музыкасын кеңінен насихаттаған танымал тұлғалардың бірі еді. Ұлттық мәдениетке бар жан-тәнімен берілген азамат ретінде фольклорлық мұраларды жинақтау мақсатында көптеген ғылыми-шығармашылық экспедицияларға бастамашысы болды. Көптеген көне музыкалық туындыларды жаңғыртып, ғылыми жүйеге түсірді», - деп жазды ол.
Юрий Аравин қазақ музыкасына, халық композиторлары мен ақындарының мұрасына арналған бірқатар телерадио бағдарламаларын жасады. Қазақ фольклорына шын жүрегімен ғашық, талантты музыкатанушы ретінде халқымыздың дәстүрлі музыкасының бай әлемін тыңдарманға жаңа қырынан танытты.
«Юрий Петрович өз өмірін өнерге, ұлт мәдениетіне арнап, тұтас бір шығармашылық буынды тәрбиелеген ұлағатты ұстаз болды. Қайраткердің жарқын бейнесі, руханиятымызға сіңірген өлшеусіз еңбегі халық жүрегінде мәңгі сақталады деп сенемін», - деп түйіндеді Балаева.