Жүргізуші оқиға орнынан кетіп қалған
Қостанай облысында сот мас кезінде жол апатын жасап, учаскелік инспектор, полиция подполковнигі Батырсайым Зайтиновтың өліміне себеп болған жүргізушіге үкім шығарды, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.
Облыстық соттың мәліметінше 2025 жылдың мамыр айында сотталушы Федоров ауылында мас кезінде «Volkswagen Touareg» маркалы автокөлікті жүргізіп, бағыттас келе жатып, солға бұрылу маневрін жасаған «ВАЗ 21214» маркалы автокөлікпен соқтығысқан.
«Жол апаты салдарынан «ВАЗ» автокөлігінің жүргізушісі алған жарақатынан оқиға орнында көз жұмған», - деп жазылған хабарламада.
Сот отырысында сотталушы өз кінәсін толық мойындап, жасаған ісіне өкініш білдірді. Жәбірленуші тарап заңға сәйкес ең ауыр жаза кесуді сұрады.
Жаза кесу кезінде сот сотталушының өз кінәсін толық мойындауын және шынайы өкінішін жауаптылықты және жазаны жеңілдететін мән-жай ретінде қарастырды. Қылмыстық жауаптылық пен жазаны ауырлататын мән-жайлар анықталған жоқ.
«Сот сотталушының істеген әрекеттерінің сипаты мен қоғамдық қауіптілік дәрежесін, істің барлық мән-жайын ескере отырып, оны қылмыстар жиынтығы бойынша 3 жыл 6 ай мерзімге бас бостандығынан айыру, сондай-ақ 10 жыл мерзімге көлік құралын басқару құқығынан айыру жазасын кесті», - деп хабарлады сот.
Жаза қылмыстық-атқару жүйесінің ең төменгі қауіпсіздік мекемесінде өтеледі. Жәбірленушінің азаматтық талабы қанағаттандырылып, сотталғаннан моральдық зиян мен келтірілген материалдық шығын өндіріп алынды. Үкім заңды күшіне енген жоқ.