Аида Балаева қазақ музыкасына өлшеусіз үлес қосқан профессордың қазасын хабарлады
Көрнекті қайраткер Юрий Аравин өмірден озды
Қазақ мәдениетінің көрнекті қайраткері, «Парасат» және «Отан» ордендерінің иегері, Қазақстан Республикасы Композиторлар одағының мүшесі, профессор Юрий Петрович Аравин өмірден озды. Бұл туралы Мәдениет және ақпарат министрі Аида Балаева әлеуметтік желідегі парақшасына жазды, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.
«Қайраткер тұлғаның отбасы мен туған-туыстарына, шәкірттері мен әріптестеріне қайғыра көңіл айтамын», - дейді Балаева.
Министрдің айтуынша, Юрий Петровичтің есімі халқымыз үшін аса қадірлі.
«Ол қазақтың халық музыкасын кеңінен насихаттаған танымал тұлғалардың бірі еді. Ұлттық мәдениетке бар жан-тәнімен берілген азамат ретінде фольклорлық мұраларды жинақтау мақсатында көптеген ғылыми-шығармашылық экспедицияларға бастамашысы болды. Көптеген көне музыкалық туындыларды жаңғыртып, ғылыми жүйеге түсірді», - деп жазған Балаева.
Айта кетейік, Юрий Аравин 1941 жылы 2 сәуірде туған. Әкесі Петр Аравин де музыкатанушы болған.