Қазақстанда пандемияға байланысты шетелдік жұмыс күшінің саны 3,2 есеге қысқарды

Автор: Azattyq Rýhy

Шетелдіктердің 52%-дан астамы Атырау облысында жұмыс істейді

Фото: ашық дереккөзден

Қазақстанда шетелдіктердің 60%-ы құрылыс, ауыл шаруашылығы және тау-кен саласында жұмыс істейді, ал олардың 52%-дан астамы Атырау облысында еңбек етеді. Бұл туралы «Еңбек ресурстарын дамыту орталығының» мамандары жүргізген талдау нәтижесінде белгілі болды. 

Қазақстандағы шетелдік жұмыс күшінің (бұдан ары - ШЖК) жай-күйіне жүргізген талдаудың нәтижесі – ел экономикасына шет елдерден жоғары білікті және орташа білікті жұмыс күшін тартуға берілетін рұқсаттар санының соңғы 3 жылда төмендегенін көрсетті.

Ағымдағы жылы ШЖК-ге берілген рұқсаттар саны 3,2 есеге қысқарған. Бұл көрсеткіш елде және әлемде COVID-19 пандемиясы аясында енгізілген карантиндік шараларға да байланысты.

«Егер осы үрдіс сақталатын болса, тартылатын ШЖК тек Қазақстанда ғана емес, өңірлік және жаһандық аспектіде де айтарлықтай төмендеуі мүмкін. Бірінші жартыжылдықта, шектеу шаралары енгізілгенге дейін елімізде құрылыс қызметі, ауыл шаруашылығы және тау-кен өнеркәсібі саласы ШЖК-не ең мұқтаж салалар екені атап өтілді. Дәл осы салалар бірлесіп еліміздегі барлық шетелдік жұмыс күші санының 60%-дан астамын тартады», - делінген хабарламада. 

Тартылатын ШЖК құрылымы әр өңірде әртүрлі және бірінші кезекте өңірдің экономикалық ерекшеліктеріне байланысты. Негізінен кәсіпорындар жоғары білікті шетелдіктерді тартады. Тек ШҚО мен Алматы облыстарында ғана негізінен орташа білікті шетелдіктерді жұмысқа алады.

Республика бойынша ең көп шетелдікдерді жұмысқа батыс өңірлері тартады. Мәселен, Атырау облысында тартылатын ШЖК-нің 52,5% шоғырланған. Сондай-ақ, ШҚО, БҚО, Алматы облыстары және Нұр-Сұлтан, Алматы қалалары да шетелдік жұмысшыларды жалдайды. Бұл өңірлерде елімізге еңбек етуге келген азаматтардың 35,5%-ы тұрады.

2020 жылдың І-ші тоқсанында шекара асып, елімізге жұмыс істеуге келгендердің басым бөлігі Өзбекстан, Ресей, Қырғызстан және Түркменстан мемлекетінің азаматтары.