$ 536.32  626.9  6.6
День конституции
ҚАЗ
×
Бұл желілік ресурстың ақпараттық өнімдері 18 жастан асқан адамдарға арналған.

Маңғыстау облысының әкімі «Каспий» футболшыларын Премьер-лигаға шығуымен құттықтады

Негізгі құрам 31 жылдық үзілістен кейін Премьер-лигаға қайта оралды

Маңғыстау облысының әкімі «Каспий» футболшыларын Премьер-лигаға шығуымен құттықтады
Фото: Маңғыстау облысы әкімінің баспасөз қызметі

Ақтауда спорт маусымының сәтті аяқталуына орай «Каспий» футбол клубының ойыншыларын салтанатты түрде марапаттау рәсімі өтті, деп хабарлайды Azattyq Rýhy Маңғыстау облысы әкімінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап

Шараға облыс басшысы Нұрдәулет Қилыбай қатысып, спортшыларды, жаттықтырушыларды және клуб басшылығын құттықтады. Сондай-ақ ол 2025 жылғы үздік жетістіктері үшін марапаттар табыстады.

Облыс әкімі өз сөзінде клубтың жетістігі спорт қауымдастығы үшін ғана емес, бүкіл өңір үшін маңызды оқиға екенін атап өтті.

«2025 жыл «Каспий» футбол клубының тарихындағы ең табысты жылдардың бірі ретінде есте қалары сөзсіз. Бір маусымда сіздер үш ірі жетістікке жеттіңіздер: жас қыздар құрамасының жеңісі, «Каспий-Жастар» командасының сенімді ойыны және ең бастысы – негізгі құрамның 31 жылдық үзілістен кейін Премьер-лигаға қайта оралуы. Бұл – ұйымшыл еңбектің, жанқиярлықтың және туған жерге деген сүйіспеншіліктің нәтижесі. Сіздердің жеңістеріңіз Маңғыстау жастарына шабыт беріп, спорттың болашағына деген сенімді арттырды», – деді Нұрдәулет Қилыбай.

2025 жылғы маусымда ақтаулық клуб Қазақстанның Бірінші лигасында жеңіске жетіп, мерзімінен бұрын Премьер-лигаға жолдама алды. Шешуші сәт 25-турда өз алаңында қарағандылық «Шахтерге» қарсы өткен матчта тіркелді. Кездесу 3:2 есебімен алаң иелерінің пайдасына аяқталып, «Каспий» 65 ұпаймен көш бастады. Екінші орында – «Ертіс» (58 ұпай), үшінші орында – «Шахтер» (50 ұпай).

Клуб өкілдерінің айтуынша, бұл жетістік – спорт инфрақұрылымын дамытуға, жас таланттарды қолдауға және өңірдегі футбол дәстүрін нығайтуға бағытталған көпжылдық жүйелі еңбектің нәтижесі.

Сонымен қатар клубтың 2009-2010 жылы туған жас спортшы қыздары ZHULDYZ LEAGUE B DIVISION чемпионатында үшінші орын иеленіп, жаңа буын футболшы қыздарға үлгі болды. Ал биыл құрылған «Каспий-Жастар» командасы жоғары дайындық деңгейін көрсетіп, Батыс конференциясының вице-чемпионы атанды.

2025 жыл маңғыстаулық футбол тарихында жаңа дәуірдің бастауы болды.

«Каспий» футбол клубы алдағы уақытта да өз позициясын нығайтып, жастар құрамаларын дамытып, жанкүйерлерін жаңа жетістіктерімен қуанта бермек.

Серіктес жаңалықтары