Тағы біреуін алаяқтар 9,7 миллион теңге аударуға итермелеген
Ақмола облысында медициналық қызметкерлер болып танысқан алаяқтар тұрғындарды алдап, 60 миллион теңгеден астам қаржысын иемденген. Қазір екі дерек бойынша CyberPol бөлімшесі тергеу жүргізіп жатыр, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.
Тергеу дерегінше, Көкшетау қаласының 64 жастағы тұрғынына өзін орталық емхананың қызметкеріміз деп таныстырған белгісіз тұлғалар хабарласқан. Олар тұрғынды вакцинацияға кезекке қою желеуімен SMS-кодты айтуын сұраған.
Кейін банк шотыңыз бұзылды деп сендіріп, ер адамды өз шотынан 9,7 миллион теңге аударуға итермелеген.
Екінші жағдай Щучинск қаласында тіркелген. Мұнда да қылмыскерлер медициналық қызметкерлердің атынан хабарласып, тұрғынды тексеруден өтуге көндірген.
Кейін өздерін мемлекеттік орган өкілдеріміз деп таныстырып, оның атынан қауіпсіз шоттарға 55 миллион теңге аудартқан.
Құқық қорғаушылар екі факт бойынша сотқа дейінгі тергеу басталғанын хабарлады. Полиция азаматтарға сақ болуды ескертеді:
«Алаяқтар көбіне адамдардың сенімін пайдаланады. Сондықтан жеке деректер мен банк шоттарына қатысты мәліметті ешкімге айтпаңыздар», – делінген полиция хабарламасында.