Тоғыз айда сырқаттану деңгейі 38,8% артқан
Алматыда балалар арасында желшешек ауруы күрт көбейді. Қалалық балалар жұқпалы аурулар ауруханасының дерегінше, 2025 жылдың тоғыз айында сырқаттану деңгейі 38,8% артқан, деп хабарлайды Azattyq Rýhy Қоғамдық денсаулық басқармасына сілтеме жасап.
Аурухана директоры Ержан Сералиннің айтуынша, осы кезеңде 183 бала түрлі дәрежедегі ауыр симптомдармен емханаға жатқызылған.
Өткен жылмен салыстырғанда асқынған түрлері 41% көбейген. Көбіне орталық жүйке жүйесі мен тыныс жолдарының зақымдануы тіркелген.
«Науқастардың басым бөлігі – мектепке дейінгі және бастауыш сынып жасындағы балалар (61,7%). Өкінішке қарай, желшешекке қарсы вакцина ұлттық егу күнтізбесіне енбеген, сондықтан ұжымдық иммунитет тек аурудан кейін қалыптасады», – деді дәрігер.
Сондай-ақ, Ержан Сералиннің айтуынша, желшешекпен ауырған балалардың арасында реанимацияға түскендер болмаған. 1–14 қазан аралығында жансақтау бөліміне екі жақты пневмония, жедел ішек инфекциясы және тыныс жетіспеушілігімен ауырған 14 бала түскен.
Мамандар респираторлық және жұқпалы аурулар өршіп тұрған кезеңде дәрігерге уақытылы қаралудың маңызын атап өтті.
«Өзін-өзі емдеу және ауруды кеш анықтау асқынуларға әкеледі. Сондықтан алғашқы белгілер пайда болған сәттен дәрігерге жүгіну қажет», – деді Ержан Сералин.