Павлодар облысында әкім мотоцикл мінген жас жігітті боқтаймын деп басы дауға қалды

Автор: Мөлдір Қазыбай

Оның бұл ісі этика кеңесінде қаралды

Фото: istockphoto.com

Успен ауданында шенеунік полиция бөлімінде түсіндіру жүргізбек болып, өз эмоциясын ұстай алмай қалды. Нәтижесінде ол айыппұл төлеп, сондай-ақ Мемлекеттік қызмет істері департаментінің этика кеңесінде қаралды. Бұл туралы Azattyq Rýhy агенттігі Irbistv.kz-ке сілтеме жасап хабарлайды.

Этика кеңесінде Новопокров ауылдық округінің әкімі Вячеслав Симоненко өз кінәсін мойындады. Оның айтуынша, ауылда жас жігіттер күндіз-түні мотоцикл айдап, тұрғындардың мазасын алады. Сол себепті жергілікті халықтан жиі шағым түседі. Тамыз айында полицейлермен бірлескен рейд кезінде бірнеше жүргізуші ұсталған, бірақ біреуі қашып кеткен. Екі күннен кейін оны тауып, полиция бөлімшесіне жеткізген. Сол жерге ауыл әкімі де шақырылған.

«Мен тек түсіндіру әңгімесін өткізгім келген. Бейнебақылау камераларында оның кінәсі толық дәлелденсе де, азамат кінәсін еш мойындаған жоқ. «Ешқандай ереже бұзған жоқпын, ауыл ішінде жүрген жоқпын» деп қарсы шықты. Сол сәтте өзімді ұстай алмай, оған балағат сөз айтып қойдым», – деді Успен ауданы Новопокров ауылдық округінің әкімі Вячеслав Симоненко.

2019 жылдан бері қызмет атқарып келе жатқан әкім мотоцикл иелері қозғалтқыштқа дауысын күшейтетін құрылғылар орнатып алғанын да айтты. Дегенмен, мемлекеттік қызметші ретінде эмоцияға беріліп, шектен шығуға құқы болмағанын мойындады. Этика кеңесінің мүшелері оған «сөгіс» түріндегі тәртіптік жаза қолдануды ұсынды.