53 адамды аман алып қалған құтқарушы марапатталды
Президент Қасым-Жомарт Тоқаев құтқарушылардың кәсіби мерекесінің қарсаңында ерен ерлігімен көзге түскен бірқатар құтқарушыларды марапаттады. Олардың қатарында ШҚО-да суға батып бара жатқан бір топ баланы аман алып қалған құтқарушы Нұржан Жолжақсынов та бар. Мемлекет басшысы оны «Ерлігі үшін» медалімен марапаттады, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.
Нұржан Жолжақсынов 1968 жылы 1 қарашада Шығыс Қазақстан облысында дүниеге келген. Азаматтық қорғаныс органдарында 1995 жылдың қыркүйегінен бері қызмет етеді. 2014 жылдың қазан айынан бастап Шығыс Қазақстан облысы Төтенше жағдайлар департаментінің Құтқару қызметі құрамындағы Күршім ауылындағы құтқару бөлімшесінде бас құтқарушы лауазымында еңбек етіп келеді.
1995 жылдан 2025 жылға дейінгі аралықта 350-ден астам түрлі төтенше жағдайдың салдарын жоюға қатысып, 53 адамның өмірін аман алып қалған.
Мысалы, 2024 жылдың 10 маусымында бас құтқарушы Н.Т. Жолжақсыновтың жетекшілігімен құтқарушылар тобы Самар ауданына қарасты Сарыбел ауылына қарай пароммен жолға шыққан. Мақсат – «Алтын құм» демалыс аймағында шомылу маусымы кезінде қауіпсіздікті қамтамасыз ету болатын. Сағат 14:00 шамасында олар паромнан екі ересек адам мен үш баланы қатты соққан толқын жағадан алыстатып бара жатқанын байқайды. Адамдар көмек сұрап айқайлаған.
Ойланбастан, бас құтқарушы Нұржан Тұрсынбекұлы дереу әрекетке көшіп, құтқарушылар Ә.А. Тұрсын және С.Ерназға нақты нұсқаулар беріп, суда құтқару операциясын ұйымдастырды. Өзі құтқару желетін киіп, суға секіріп, бір баланы жеке өзі құтқарып шықты, ал қалған төрт адам (екі бала және екі ересек) әріптестерінің үйлесімді әрі кәсіби әрекетінің арқасында аман қалды.
Осылайша, дер кезінде қабылданған шешім мен кәсіби шеберліктің арқасында Нұржан Жолжақсынов бірнеше адамның өмірін сақтап қалды.
Қызмет барысында ол жоғары кәсібилік пен адам өмірін құтқару ісіне адалдығын көрсетіп келеді. Іздеу-құтқару жұмыстары кезінде әрдайым батылдық, табандылық және қауіпсіздік талаптарын сақтай отырып, төтенше жағдайдан жол таба білу қабілетін танытады.
Жолдастары арасында бедел мен құрметке ие, көпжылдық тәжірибесін жас мамандарға үйретіп, үлгі болып келеді.