Павлодар қаласының тұрғыны сотта жеңген ақшасын мұқтаж жандарға аударды

Автор: Асыл Арман

Оның көлігі жолда ашық тұрған люктен зардап шеккен

Фото: istockphoto.com

Павлодар қаласының тұрғыны жолда көлігіне зақым келгені үшін өндіріп алған өтемақыны мұқтаж алты отбасыға аударды. Судьялар бұл шешімді сирек әрі үлгі боларлық жағдай деп атады. Бұл туралы Azattyq Rýhy агенттігі Pavlodarnews.kz-ке сілтеме жасап хабарлайды.

Павлодар қаласының азаматтық істер жөніндегі мамандандырылған ауданаралық сотының төрағасы Ерсін Қожабергеновтің айтуынша, қала тұрғыны өз көлігіне келген залал үшін шағым түсірген. Ол шағымын қаланың бір монополистік компаниясына қарсы беріпті.

Іс материалдарында көрсетілгендей, жол бойында ашық қалған люк болған. Сол аумақта жөндеу жұмысын жүргізген компания жауапты деп танылған. Оқиға салдарынан Hyundai Palisade маркалы көліктің алдыңғы дөңгелегі, аспа бөлігі және басқа да бөлшектері зақымданған.

«Тараптар келісімге келуге тырысты. Іс шамамен екі жарым апта қаралды. Соңында талапкер көлігін қалпына келтіруге емес, өтемақыны мұқтаж отбасыларға көмек ретінде аударуды сұрады», – деді Ерсін Қожабергенов.

Бастапқыда компания өз кінәсін мойындамай, залал сомасын асыра көрсетілген деп есептеп, шағымға қарсы болған. Сот процесі екі айға жуық жалғасып, тараптар соттан тыс кездесіп, мәселені бейбіт жолмен шешу мүмкіндіктерін талқылаған.

Нәтижесінде талапкер 450-500 мың теңге көлеміндегі өтемақыны қаржылай көмекке мұқтаж алты отбасына бөлуді ұсынды. Осылайша, екі тараптың келісімі қайырымдылық сипатындағы медиациялық шешімге айналды.

Судьялардың айтуынша, олардың тәжірибесінде мұндай жағдай бұрын болмаған.