Рульде 13 жастағы бала отырған: Алматы облысында жол апатынан екі адам қаза тапты

Автор: Асыл Арман

Қайғылы оқиға 13 қазанға қараған түні болды

Фото: Алматы облысының Полиция департаменті

Алматы облысында «ВАЗ» жүргізушісі жол бермей, Hyundai көлігімен соқтығысқаны туралы ақпарат тарады. Оқиға салдарынан «ВАЗ» жүргізушісі мен жолаушысы қаза тапты, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.

Жол апаты орнынан түсірілген видеоны Telegram-дағы Qumash арнасы жариялады.

«Болжам бойынша, 34 жастағы «ВАЗ» жүргізушісі басты жолмен келе жатқан Hyundai Grandeur көлігіне жол бермей, соқтығысып қалған. Hyundai-ды 13 жастағы бала тізгіндеген делінеді. Соққы салдарынан көлік бағанаға соғылған. Өкінішке қарай, «Лада» жүргізушісі мен жолаушысы оқиға орнында көз жұмған. Ал бала ауруханаға жеткізілді», – делінген жазбада.

Алматы облысының полиция департаменті жағдайға қатысты түсініктеме берді. Ведомство мәліметінше, оқиға 13 қазанға қараған түні Қарасай ауданының Жалпақсай ауылында болған.

«Шамамен сағат 00:30-да «ВАЗ» бен Hyundai Grandeur көліктері соқтығысты. Алдын ала мәлімет бойынша, «ВАЗ» жүргізушісі екінші дәрежелі жолдан басты жолға шыққан кезде жол бермей, апатқа себеп болған», – деп хабарлады облыстық полиция департаменті.

Жол-көлік оқиғасы салдарынан «ВАЗ» жүргізушісі мен жолаушысы алған жарақаттарынан оқиға орнында көз жұмды. Екінші көліктің жүргізушісі түрлі жарақаттармен аудандық ауруханаға жеткізілді.

Аталған дерек бойынша сотқа дейінгі тергеу амалдары жүргізіліп жатыр.