$ 539.56  627.35  6.84
ҚАЗ
×
Бұл желілік ресурстың ақпараттық өнімдері 18 жастан асқан адамдарға арналған.

«Таза Қазақстан»: Жетісуда ең таза ауыл мен аудандар марапатталды

Оларға ақшалай жүлде табысталды

«Таза Қазақстан»: Жетісуда ең таза ауыл мен аудандар марапатталды
Фото: Жетісу облысының әкімдігі

Жетісу облысында өткен «Таза Қазақстан» бағдарламасы аясында ұйымдастырылған облыстық «Үлгілі елді мекен» байқауының нәтижесі бойынша таза ауылдар мен аудан орталықтары марапатталды. Сонымен қатар, еңбек ұжымдары, мемлекеттік органдардың қызметкерлері, депутаттар, еріктілер, жастар ұйымдарының өкілдері үн қосқан жалпыреспубликалық сенбілікке орай Талдықорған қаласында өткен ағаш отырғызу шарасына облыс әкімі Бейбіт Исабаев қатысты, деп хабарлайды Жетісу облысы әкімінің баспасөз қызметіне сілтеме жасай отырып.

Экологиялық шараның алдында аймақ басшысы елді мекендердің тазалығын қамтамасыз етуге арналған облыстық «Үлгілі елді мекен» байқауының жеңімпаздарын марапаттады.

Сонымен «Үлгілі аудан орталығы» аталымы бойынша:

  • І орынды Сарқан қаласы;
  • ІІ орынды Жаркент қаласы;
  • ІІІ орынды Сарыөзек кенті еншіледі.

«Үлгілі ауыл» аталымы бойынша:

  • І орынды Қаратал ауданындағы Кәлпе ауылы;
  • ІІ орынды Көксу ауданы, Жарлыөзек ауылы;
  • ІІІ орынды Ескелді ауданындағы Алдабергенов ауылы және Алакөл аудандығы Ақтүбе ауылы алды.

Ал, Талдықорған қаласы «Жұлдыз» шағын ауданының №25, №27 үйлерің жәй серіктестігі және Текелі қаласы Жеңіс көшесінің №11 үйінің жәй серіктестігі «Үлгілі аула» аталымы бойынша ерекшеленді.

Одан соң облыстық жұқпалы аурулар ауруханасының алдындағы скверде қылқан жапырақты және жалпақ жапырақты 500 түп ағаш отырғызылды. Жалпы облыс бойынша өткен сенбілік аясында 9 430 түп түп көшет тігілді.

«Бүгін достарымызбен бірге ағаш отырғызу шарасына қатыстық. Жас толқынның өкілі ретінде мұндай шараларға белсенділікпен қатысып, өзгелерге үлгі болуға тырысамын. Өйткені, қоршаған ортаға жанашырлықпен қарау, тазалық пен тәртіпті ұстану ­– қоғамның басты міндеті. Шынында біздің қоршаған орта – біздің ортақ үйіміз. Сондықтан экосенбіліктерге әрбір апта сайын қатысып тұруға тырысамын, сонда айына 4-5 рет шығамыз», - дейді аймақтың белсенді жастарының өкілі Нұрасыл Молдабеков.

«2025 жылы бүгінгі күнге дейін мыңнан аса ағаш егілді. Тағы мыңнан аса жоспарда бар. Қоқыс мың кубтай шықты. Бұл марапат бізге екі есе жауапкершілік жүктейді. Сондықтан да тазалық жұмыстарын ары қарай да жалғастырамыз. Қаламызды таза ұстаймыз», - Сарқан ауданы, Сарқан қаласының әкімі Амантай Орынбеков:

Сенбіліктің жұмысын түйіндеген облыс әкімінің орынбасары Марлен Көлбаев «Таза Қазақстан» жалпыұлттық бағдарламасы аясында Жетісу облысында көп шаралар өтетінін алға тартты.

«Атап айтсақ, әр апта сайын «Таза бейсенбі» деген атаумен экосенбіліктер өткізіліп, кәсіпорындардың, ұйымдардың ұжымдары мен бизнес-қауымдастық өкілдері өздеріне тиесілі аумақтарды тәртіптке келтіріп, тазарту жүргізеді, көгалдандырады. Сондай-ақ, әр екі апта сайын сенбілік өтеді. Онда саябақтарға, скверлерге, аллеяларға, аулаларға, көшелерге тазалық жүргізіледі. Одан бөлек, экобағдарлама аясында көпқабатты үйлердің шатырлары жаңартылып, аулалар тазартылады, балалардың ойын және спорт алаңдары салынып, көшелер жарықтандырылады және елді мекендерді абаттандыру бойынша көптеген жұмыстар атқарылады. Жыл басынан бері 120 мың түп ағаш көшетін отырғызу жоспарланған болатын. Соған сәйкес 56 мың көшет көктем кезінде тігілсе, қалған 64 мың түп ағашты күз кезінде отырғызамыз. Бүгінгі бір күннің өзінде 9,5 мың ағаш көшеті егілді», - дейді ол.

Айта кетсек, Жетісу облысында өткен жалпыреспубликалық сенбілік кезінде 438,2 гектар аумақ тазартылып, 886 тонна қоқыс жиналды.

Серіктес жаңалықтары