Жетісу облысында 100-ден астам малдың етін тиеп алған автобус тоқтатылды
Жүргізуші етті Алматы қаласындағы базарлардың біріне жеткізіп беру үшін алғанын айтты

Жетісу облысында Мақаншы-Алматы бағытындағы тасжолда 100-ден астам малдың етін тиеп алған автобус тоқтатылды, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.
Облыстық Полиция департаментінің мәліметінше, Жетісу облысында екі күн ішінде полицейлер мал ұрлығына қатысты екі қылмыстық істі тіркеп, бұған дейін ашылмаған төрт қылмысты әшкереледі.
«Мал ұрлығы» профилактикалық іс-шарасы аясында ет және ет өнімдері сатылатын 69 нысан мен ет тасымалдаған 83 көлік тексерілді. Тексеру нәтижесінде тиісті құжаттарсыз өнім тасымалдаудың бес дерегі және ветеринариялық ережелерді бұзудың 43 жағдайы анықталды.
Бұдан бөлек, полиция қызметкерлері 138 шаруа қожалығын тексерді. Солардың бірі – Мақаншы-Алматы бағытындағы тасжолда тоқтатылған жолаушылар автобусы. Көлік Абай облысынан жолға шыққан. Көліктің жүк бөлігін тексеру барысында 100 ұсақ және 2 ірі қара малдың еті табылды.
Жүргізуші етті Алматы қаласындағы базарлардың біріне жеткізіп беру үшін алғанын түсіндірген. Аталған дерек бойынша материал ветеринариялық инспекцияға жолданды.
Полицейлер «Мал ұрлығы» іс-шарасы аясында кешенді тексерістерді жалғастыруда. Тәртіп сақшылары азаматтарды ет және ет өнімдерін тасымалдау мен сату кезінде заң талаптарын қатаң сақтауға, сондай-ақ мал ұрлығына қатысты күмәнді деректер туралы дер кезінде полицияға хабарлауға шақырады.